Версия для слабовидящих

ДС - ЖМ 8:30 -17:30

Қабылдау комиссиясы + 7 (7142) 28-02-60

Ректорат + 7 (7142) 28-01-59

Open menu

Ғылым күні құтты болсын!

«Алдымен, баршаңызды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі мерекелік күн – қоғамымыздағы ерекше сәт, себебі бұл күн ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Біз Ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады.

 

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды.

 

Менің тапсырмаммен көптеген іс-шара өткізіледі. Біз, бір жағынан, ұлы ғалымға шынайы құрмет көрсетеміз. Екінші жағынан, білім-ғылым культін қалыптастыру жолында маңызды қадам жасаймыз. Ең бастысы, еліміз Сәтбаев салған сара жолды жалғастыруы қажет.

 

Біз «ғылым» туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі ойға оралады. Бұл – заңдылық. Мемлекеттік мәртебесін қайта иеленген Ұлттық ғылым академиясы еліміз ғана емес, бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығы мақтан тұтатын Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл кездейсоқтық емес»

«Ең алдымен, мен еліміздегі қазіргі ахуалға тоқталып өткім келеді. Жағдайды көріп, біліп отырсыздар, аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр. Көптеген елді мекенді қарғын су басты. Жалпы ахуал өте күрделі.

 

Қазір Үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр. Тиісті тапсырмаларды бердім, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Табиғаттың тосын мінезінен басқа да елдер зардап шегуде. Әлемнің әр түкпірінде жер сілкінісі, өрт, су тасқыны болып жатыр. Бір сөзбен, жаһандық климат өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті.

 

1980-1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3700-ден асқан. Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейді. Жартысына жуығы – суға қатысты апаттар. Әрине, бұл – бүкіл адамзатқа төніп тұрған өте үлкен қатер. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – бұл міндетті іске асырудың бірден-бір жолы»

 

«Әсіресе, елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек.

 

Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек.

 

Ал су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс»

«Түптеп келгенде, Қазақстанды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет. Жаңа ғана сөз сөйлеген ғалымдар бірқатар салмақты ой

айтты. Бастамаларды мұқият саралаймыз. Ұтымды ұсыныстар міндетті түрде жұмыс барысында ескеріледі.

 

Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек.

 

Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті.

 

Соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды»

«Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді.

 

Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді.

 

Аймақтарда шетелдің жетекші университеттерінің филиалдары ашылды. Бірақ бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды. Еліміз тұрақты дамуы үшін өзгерістерге тез бейімделіп, тың мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану өте маңызды. Бұл – стратегиялық міндет. Осы орайда мемлекет ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артады. Оларға айрықша миссия жүктеледі. Сол үшін де ғылыми әлеуетімізді нығайта береміз»

«Барлық салаға инновациялық тәсілдер енгізу үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Сондықтан бірқатар өзекті мәселені назарға алуымыз керек.

 

БІРІНШІ. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды.

 

Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

 

Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек»

«Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым. Сондай-ақ сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс.

 

Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік үш жылдық зерттеу жұмыстарына қаржы бөледі. Энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты министрліктер тиісті саланы, ал әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе, төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастықты жұмылдырған жөн. Яғни гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандарын тарту қажет.

 

Тағы да қайталап айтқым келеді, мемлекеттік органдар барлық істе, ең алдымен, сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Шешімдер әбден пысықталып, нақты негізделіп барып, қабылдануға тиіс. Талдау жүргізіп, ахуалды болжау үшін ғалымдардың қолында, зерттеу орталықтарында қажетті құрал-жабдықтар болуға тиіс»

«Жаңа айтқанымдай, соңғы жылдары әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт көбейді. Яғни жаһандық индустрияландыру мен урбанизация үдерісі климаттың өзгеруіне тікелей әсер етіп отыр. Кейбір болжамға қарасақ, бұл үрдіс алдағы бес жылда әлем экономикасына шамамен бес триллион доллар шығын әкеледі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау – біз үшін маңызды мәселенің бірі.

 

ЮНЕСКО шешімімен 2020 жылы Алматыда құрылған Өңірлік гляциологиялық орталық климаттағы өзгерістерді зерттеуге зор үлес қосып келеді. Ғалымдарымыз мұздықтардың еруін зерттеп қана қоймай, селден және мұздақ көлдерден келетін қауіпке қарсы қорғанысымыздың осал тұстарын күшейту жолдарын да іздейді.

 

Гляциологиялық орталықтың әлеуетін толық пайдалану қажет. Үкімет орталықты ғимаратпен қамтамасыз ету міндетін шешіп жатыр. Енді Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Гляциологиялық орталықтың қызметі туралы келісімді ұзарту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Себебі оның мерзімі биыл аяқталады.

 

БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммиті өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықаралық қоғамдастықтың назарын мұздықтардың еруі, өзендер мен көлдердің таяздануы, шөлейттену, жердің тозуы сияқты проблемаларға аударуға мүмкіндік береді. Саммитке дайындықты қазірден бастау керек. Бұл жиын өңірлік және жаһандық экологиялық сын-қатерлерге төтеп беру үшін ғалымдардың, сарапшылардың, саясаткерлердің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал ететініне сенімдімін»

«ЕКІНШІ. Ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс.

 

Ұлттық экономиканы индустрияландыру үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, оның шикізаттық сипаты аса өзгере қойған жоқ. Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндеті жүктелді. Қосылған құнның орнықты тізбегі оның негізіне айналуы керек. Бұл бағытта мұнай сервисі мен мұнай химиясы салаларының (пластик, көміртекті нанотүтікшелер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) әлеуеті зор.

 

Кеңестің бірінші отырысында мен Үкіметке ғылыми институттар мен университеттердің ресурстарын жұмылдыра отырып, ғылымның ашық әрі қолданбалы моделіне көшу жөніндегі кешенді шараларды іске асыруды тапсырған едім. Ғылыми жобаларда академиялық сұраныстар ғана емес, ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен экономиканың қажеттіліктері де ескерілуі керек. Ол үшін үздік халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, зерттеудің нақты басымдықтарын айқындау қажет»

«Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың мәні зор. Мысалы, ғалымдардың зерттеулерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайту, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ климаттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, жолдарды жөндеу және салу үшін пайдалануға болады. «Қарапайым заттар туралы ғылым» белсенді дамуға тиіс. Ол үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықтың тиімді тетіктерін жолға қою қажет.

 

Әкімдіктер жанынан осы бағыттағы міндеттерді шешуге ықпал ететін ғылыми кеңестер құрған жөн. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізу процесіне еліміздің барлық өңіріндегі ірі кәсіпорындар тартылуға тиіс.

 

Бүгінгі көрмеде мен ғалымдарымыздың өнімді қайта өңдеу деңгейін арттыруға қосқан нақты үлесін көрсететін бірқатар жобамен таныстым. Мұндай сәтті тәжірибені кеңінен тарату керек. Бұл іске еліміздің барлық өңіріндегі ірі өндіріс компанияларының қатысуы маңызды. Үкімет ғылым саласындағы шығындарға салықтық және инвестициялық жеңілдіктер беру арқылы бизнесті ынталандыруды жалғастырғаны жөн»


Комментарии

Пікір

Оқушылардың пікірлері

Сейтказымов Досым | Инженерно-технологический факультет
Сейтказымов Досым Инженерно-технологический факультет
Сабина Темирбекова | Инженерно-технологический факультет
Сабина Темирбекова Инженерно-технологический факультет
Ильгиз Саттаров | Инженерно-технологический факультет
Ильгиз Саттаров Инженерно-технологический факультет
Азамат Дитаев | Инженерно-технологический факультет
Азамат Дитаев Инженерно-технологический факультет
Бакберген Койшыбаев | Инженерно-технологический факультет
Бакберген Койшыбаев Инженерно-технологический факультет
Гульнур Ерхат | Экономический факультет
Гульнур Ерхат Экономический факультет
Куаныш Мустафин | Инженерно-технологический факультет
Куаныш Мустафин Инженерно-технологический факультет
Ерлан Дербсалин | Инженерно-технологический факультет
Ерлан Дербсалин Инженерно-технологический факультет
Диана Исмаилова | Инженерно-технологический факультет
Диана Исмаилова Инженерно-технологический факультет
Константин Запасный | Инженерно-технологический факультет
Константин Запасный Инженерно-технологический факультет
Руслан Шалбанов | Экономический факультет
Руслан Шалбанов Экономический факультет
Бекбол Жылқыбай | Инженерно-технологический факультет
Бекбол Жылқыбай Инженерно-технологический факультет
Аида Маратқызы | Инженерно-технологический факультет
Аида Маратқызы Инженерно-технологический факультет
Татьяна Смирнова | Экономический факультет
Татьяна Смирнова Экономический факультет
Шаканов Алмас | Инженерно-технический факультет
Шаканов Алмас Инженерно-технический факультет