Солтүстік пен оңтүстік - бір мақсат
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының жастар ресурстық орталығынан, «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімінен, сондай-ақ Жетісай, Мақтаарал, Созақ, Сарыағаш, Қазығұрт және Келес аудандарының ішкі саясат бөлімдерінің жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен мамандарынан құралған делегация «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қостанай қаласына жұмыс сапарымен келді. Іссапардың негізгі мақсаты - солтүстік өңірде білім алып жатқан оңтүстік жастарының әлеуметтік жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен танысу.
Бүгін делегация Қостанай инженерлік-экономикалық университетіне ат басын бұрды. Қонақтарға алдымен университеттің материалдық-техникалық базасы таныстырылып, заманауи зертханалар мен спорт кешені көрсетілді. Университеттің жабдықталу деңгейін өз көздерімен көрген комиссия мүшелері оң бағасын берді. Одан кейін «Серпін» жобасы аясында білім алып жатқан білім алушылармен кездесу өтіп, ашық форматта пікір алмасу ұйымдастырылды. Делегация мүшелері жастардың оқу барысы мен тұрмыстық жағдайын біліп, солтүстік өңірдің ауа райына бейімделу жайын да сұрастырды. Кездесу барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Нұралыұлы Бектаев студенттерге ақыл-кеңесін айтты. -Университеттің материалдық-техникалық базасын көрдік, зертханалары мен спорт залдары заманауи талаптарға сай. Сіздер мемлекеттік грантта оқып, тегін жатақханада тұрып жатырсыздар, ай сайын шәкіртақы алып отырсыздар. Бұл - үлкен мүмкіндік. Сондықтан барынша білім алып, өздеріңізді дамытуға күш салыңыздар. Мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау қажет. Себебі кейбір жастар мұндай мүмкіндіктерден бейхабар болып, оқуға түсе алмай, ауыр жұмысқа кетіп жатады, - деді ол.
Сапар аясында «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мен М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның басты мақсаты - Түркістан облысы жастары үшін еліміздің солтүстік өңірлерінде жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, оларды мемлекеттік білім беру гранттары негізінде оқуға тарту және оқуын аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасау. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта күшейтіліп, қарқынды түрде жалғасын таппақ.
23 қаңтар 2026 жыл.
- Мамандықтар:
- - Робототехникалық жүйелер
- - Стандарттау және сертификаттау (салалар бойынша)
- - Қайта өңдеу өндірісінің технологиясы (салалар бойынша)
- - Жылу энергетикасы
- - Автоматтандыру және басқару
- - Машина жасау
- - Көлік, көлік техникасы мен технологиялары
- - Электр энергетикасы
- - Логистика (салалар бойынша)
- - Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану
- - Аграрлық техника және технология
- - Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету
- - Агрономия
- - Агроэкология
- - Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект
- - Менеджмент
- - Есеп және аудит
- - Қаржы
- - Экономика
- - Спорттағы Менеджмент
- - Туризм
Новости партнеров
Банк идей
Комментарии