Бүгін университемізде әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Жаңарған Конституция: ұлы өзгерістер қуаты. Обновленная Конституция: энергия великих перемен» атты панельдік дискуссиясы өтті. Іс -шара кафедра оқытушылары мен білім алушылары, сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің экономика және құқық факультеті мемлекет және құқық теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Сымбат Кенжебекұлы Укин, осы университеттің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Гүлжамал Қасымбайқызы Мұқашева, сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар қанаты Қостанай облыстық филиалының жетекшісі, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының мүшесі Аружан Айдарқызы Сәрсенбаева қатысты. Басқосуда қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген негізгі өзгерістерді, олардың мемлекеттілікті дамытуға, құқықтық жүйені нығайтуға және елдегі прогресті қамтамасыз етуге ықпалын талқылады. Сонымен қатар, мемлекет дамуының тарихи жолы мен қазіргі қоғамдағы алдағы өзгерістердің болашағы туралы ой бөлісті. Университет ректоры Арман Оразалиұлы Исмаилов, жаңартылған Конституция еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция Әділетті Қазақстанның негізгі құндылықтарын айқындайды, ал оның басты қағидасы - адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедрасының меңгерушісі Дархан Серікұлы Ахметов өз баяндамасында атап өткендей, жаңартылған Конституция - бұл Парламенттің ролін күшейту, жергілікті өз-өзін басқаруды дамыту, азаматтарды қорғау механизмдерін кеңейту, саяси плюрализмді нығайтуды көздейді. Сымбат Кенжебекұлы жаңа Конституция жобасы Қазақстандағы конституциялық дамудың жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті. Ал Гүлжамал Қасымбайқызы өз баяндамасында жаңа Конституция жобасында адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттің негізгі құқықтық қағидаттарын нығайтуға ерекше назар аударылғанын жеткізді. Аружан Айдарқызы өз сөзінде жаңа Конституция жобасының негізгі тұстарына тоқталып, әсіресе оның цифрлық аспектілеріне және әлеуметтік желілерде таралатын жалған ақпаратты ресми мәліметтерден ажырата білу мәселесіне назар аударды. Студенттер мен оқытушылар талқылауға белсенді қатысып, спикерлерге сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді. Осындай кездесулер қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, елдің болашағына бейжай қарамайтын белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.
5 наурыз 2026 жыл.
Комментарии